Жерасты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ ) әдісі

Көп жылғы зерттеулер дәлелдегендей, Қазатомөнеркәсіп қолданатын жер асты ұңғымалы шаймалау әдісі (ЖҰШ) қоршаған ортаға ешқандай теріс ықпалын тигізбейді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бұл технологияны кен орындарын игерудің экологиялық ең таза әрі ең қауіпсіз әдісі ретінде мойындаған.

Жер асты ұңғымалы шаймалау кенді жер бетіне шығармастан, табиғи уран иондарын жер қойнауының өзінде өнімді қойыртпаққа айналдыру арқылы құмдақ типтес кен орындарын игеру әдісі болып саналады. Кейін қопсытуға көп шығын талап ететін өндірістің дәстүрлі (шахталық және карьерлік) әдістерінен айырмашылығы сол, құрамында ураны бар кен жер астында қалатын ЖҰШ әдісі жоғары экологиялық қауіпсіздігімен, аз шығындарымен және технологиялық операциялардың қарапайымдылығымен ерекшеленеді.

Жер асты шаймалау әдісі – тұйық циклдағы үдеріс болып, ол өз ішіне мынадай негізгі сатыларды қамтыған:

1.                    Ұңғыманы бұрғылау, техникалық құрал-жабдықтарды орнату және технологиялық полигонды құру.

2.                    Жіберу ұңғымалары арқылы әлсіз қосылымдағы күкірт қышқылы ерітіндісін кенді көкжиекке енгізу.

3.                    Негізгі үдерістің бәрі жер қойнауында жүзеге асады, сол жерде уран өнімді қойыртпаққа айналады.

4.                    Өнімді қойыртпақ жер бетіне көтеріліп, ион алмасатын тізбектерде сорбция және десорбциялаудан өтеді. Сонан соң тауарлы десорбат сары кек алынғанша тұндырылып, кептіріледі.

5.                    Сары кек Қазатомөнеркәсіптің үш аффинаждау зауытының бірінде уран тотығы-шала тотығына айналдырылып өңделеді.

6.                    Болашақта уран өндіруші барлық кәсіпорындар өндіріс орнының өзінде ASTM сапалы уран концентраты түріндегі түпкі өнімді шығаруды жоспарлап отыр.

Айталық, жылына 500 тонна табиғи уранды қайта өңдейтін кешені бар жерасты шаймалау кеніші дәл сондай қуатқа ие кәдімгі гидрометаллургиялық зауыттың төрттен бір аумағына сыйып кетер еді. Карьерлік немесе шахталық әдіспен уран өндіруден айырмашылығы сол, кен орны жер асты шаймалау әдісімен игерілгенде жоғары деңгейлі радиацаясы бар қалдықтарды сақтау үшін арнайы қоймалар салудың қажеті болмайды.

Оңтүстік Қазақстанның уран кен орындарындағы табиғи гидрогеохимиялық ортаның техногендік ықпал етуден кейін өзін өзі қалпына келтіру қабілетіне ие екендігі анықталған. Біртіндеп табиғи қалпына келтіру есебінен біршама жай болса да, кен орналасқан сулы көкжиектегі жерасты суларын рекультивациялау үдерісі тұрақты жүргізіледі. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, бұл үдерісті айтарлықтай қарқынды етудің әдістерін жасап шығып, ол рекультивацияны он еселеп жылдамдата түсті.

Қалдық қойыртпақтың табиғи жолмен минералсызданатына Иіркөл кен орнында өткізілген 13 жылдық бақылаулардың нәтижелері мысал бола алады.

Сонымен, Оңтүстік Қазақстанда қолданылатын жер асты ұңғымалы шаймалау әдісі ғылымға белгілі өндірістік әдістердің ішіндегі экономикалық және экологиялық тұрғыдан ең қауіпсізі деп ешқандай-ақ әсірелеусіз айта аламыз.